Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

Ахмет Байтұрсынұлының туған жері

Нысанның орналасқан жері: Жангелдин ауданы, Ақкөл ауылына жақын тұста. Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай уезінің Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ахмет Байтұрсынұлы – көрнекті қоғам қайраткері, ақын, публицист, ғалым-түркітанушы және лингвист, қазақ тілі орфографиясының реформаторы, алғашқы қазақ оқулықтарын шығарушы, Алаш қозғалысының көсемдерінің бірі. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тарихында алар орны ерекше. Ол қазақ қоғамындағы жоғары сауатты, санаулы азаматтардың бірі болған. «Алаш орда» қозғалысының саяси жетекшісі Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен қайраткер. Қазақ халқының жеке, дербес мемлекет болуы үшін кеңес заманында қудалауға түсіп, бірнеше рет абақтыға қамалған. 1937 жылы Алматы түрмесінде ату жазасына кесілді. Ақсақалдардың айтуы бойынша 1926 жылы Ахмет Байтұрсынұлы лагерьге қамалар алдында өзіне жақын, қымбат адамдардың жерленген орындарын аралаған, қорымға барып, әкесі мен бауырларының аруақтарына құран оқытқан екен. Ақкөл ауылына жақын тұста, бұрынғы іргетасы үстіне кірпіш қаланып, қалпына қайта келтірілген Ахмет Байтұрсынұлының өмірге келген үйі бар. Сонымен бірге әулеттің үлкен қорымында Ахметтің әкесі Байтұрсын, ағалары Қали және Мәшен жерленген.