Шоқпар
Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Торғай музейлерінің кешені» КММ-не қарасты Шақшақ Жәнібек музейі үшін арнайы жасалған реконструкция.
Жасалған жылы: 1993 жыл
Жасалған жері: Алматы қаласы
Жасалған орны: музейлерді өңдеу шеберхана
Мақсаты: Шақшақ Жәнібек Қошқарұлының дәуіріндегі жауынгердің қорғаныс жарағын музей экспозициясында көрсету.
Сипаттамасы:
Атауы: Шоқпар – көшпелі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ батырларының бес қаруының біріне жататын, жақын қашықтықта қолданылатын соққы қаруы. Ол негізінен жаудың қалқанын, дулығасы мен сауытын талқандау немесе қарсыласты аттан ұрып түсіру, есеңгірету үшін пайдаланылған.
Санаты: Ер қаруы – Бес қару (Соққылап, қирататын қару-жарақтар тобы)
Дәуірі: XVIII-XIX ғғ. (қазақ-жоңғар соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістер кезеңі)
Босмойын шоқпар – соққы беру күші мен қирату қуаты қарапайым шоқпардан бірнеше есе жоғары, икемді әскери қару. Суреттегі экспонат екі негізгі бөліктен тұрады:
1. Сабы (Тұтқасы): Қатты ағаштан (тобылғы, үйеңкі немесе қайың) жонылып жасалып, металл шығыршықтармен (құрсаулармен) күшейтілген. Саптың жоғарғы басына берік өрілген қайыс (немесе шынжыр) бекітілген.
2. Басы (Сілтеуіші): Берік таспаға жалғанған, салмағы ауыр жұмыр шар тәрізді металл (шойын, мыс немесе қорғасын құйылған) бас.
Қолданылу әдісі: Жекпе-жек және жақын қашықтықтағы ұрыс кезінде сілтеген сәтте, бос байланған ауыр бас екпінмен айнала келіп, қарсыластың қалқанын, дулығасы мен темір сауытын тікелей талқандауға мүмкіндік берген. Ат үстіндегі айқаста кенеттен соққы беруге өте тиімді болған.
Қолданылуы: Сабының ұшында қолдан тайып кетпеуі үшін білекке іліп алатын қайыс бау – бүлдіргісі болады. Шоқпарды батырлар жорықта ғана емес, малшылар мен жылқышылар барымтадан қорғану үшін және аңшылықта да кеңінен қолданған.
Ескерту: Бұл бұйым – XVIII ғасырдан сақталған түпнұсқа жәдігер емес, тарихи үлгі негізінде 1993 жылы музей экспозициясы үшін арнайы жасалған реконструкция. Шақшақ Жәнібек музейіне 1993 жылы батырдың туғанына 300 жыл толуына орай экспозицияға қоюға арналған
Шақшақ Жәнібек музейінің ХҮІІІ –ғасыр қару-жарақтары экспозициясында орналасқан. Музей қорына КП-903 номерімен енгізілген.







