18 сәуір 2020 жыл Жеңіске 75 жыл. Тарих сыр шертеді .
«Торғайлықтар соғыс майданында» - « Отты жылдар шежіресі » циклы
МАДЬЯРОВ ЖҰМАҚАН МАДИЯР ҰЛЫ қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданының Қаракөл ауылында 1913 жылы дүниеге келген. 1933 жылға дейін үй шаруашылығымен айналысып, 1934 жылдан 1937 жыл аралығында Алакөл атты серіктестіктің мүшесі болып жұмыс істеген. 1938-1941 жылдары Алакөл және Ақшығанақ жерлерінде колхоз есепшісі қызметін атқар5ан.
1942 жылы ҚазССР Қостанай облысы Торғай ауданының Торғай Аудандық әскери комиссариатында (Тургайский РВК) әскер қатарына шақырылып, 1942 жылдан 1944 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысты. Сол кезде Орловский бағытында, 258 атқыштар полкінде болды. 1943 жылдың шілде айында жараланып, Калинин облысының Кострома қаласында үш ай көлемінде госпитальде ем алған. Сонан соң 1943 жылы қараша айында соғыс майданына қайтарылып,1944 жылдың ақпан айында сол аяғына жарақат алып, Рязань облысының Сасово қаласындағы госпитальде жатты. Кейін 67 атқыштар дивизиясының 196 атқыштар полкіне жіберіледі. 1944 жылдың наурыз айында қайта жараланып, Рязань қаласының госпиталіне түсіп, сол жердегі комиссия шешімі бойынша Ұлы Отан соғысының ІІІ дәрежелі мүгедегі атанып, елге босатылады.
19 сәуір 2020 жылы Жеңіске 75 жыл. Тарих сыр шертеді .
«Торғайлықтар соғыс майданында» - « Отты жылдар шежіресі » циклы
ШІЛДЕБАЕВ БЕЙІС
1900 жылы Жангелдин ауданы Ақкөл ауылында туған. Соғысқа дейін шопан, хат тасушы болып жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы майданына 1941 жылы Торғай әскери комиссариаты арқылы шақырылып, жаяу әскер полкінде қызмет атқарды. 1943 жылы жаралы болып елге оралды. 1982 жылы қайтыс болған.
20 сәуір 2020 жыл Жеңіске 75 жыл. Тарих сыр шертеді .
«Торғайлықтар соғыс майданында» - « Отты жылдар шежіресі » циклы
ЕСЕНОВ ҚАСЫЛ
1921 жылы Торғай ауданының Қаратал қонысында туған. Әскерге 1941 жылы маусым айында шақырылған. Майданда 389 атқыштар полкінде, кейін 29 гвардиялық полкте, 1944 жылдың ақпанында жараланғанына дейін 47850 әскери бөлімде атқыштар қатарында ұрыстарға қатынасты. Жараланып, госпитальдан шыққан соң 1945 жылдың шілдесінде елге оралды. Мұғалімдік жұмыста болды. Қостанай педучилищесін 1955 жылы сырттай оқып бітірген. 1947 жылы партияға кірген. Аудандық партия комитетінде нұсқаушы, жалпы бөлім меңгерушісі, кейін Ақкөл кеңшарында партия ұйымының хатшысы болды. Жауынгерлік бірнеше орден, медальдары бар. 1971 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1986 жылы 6 мамырда Торғайда дүниеден өтті.