Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

20 НАУРЫЗ - ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ

Ұлттық спорт түрлері мәдени мұраны сақтауға, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін күшейтуге ықпал етеді. Бұл мереке біз үшін бірліктің символына айналып, әр азаматтың өз елі үшін мақтанып, адами-рухани қасиеттерді дамытуына мүмкіндік береді. Бұл күні барлық өңірлерде ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар мен турнирлер өткізіледі. Ат жарыстарын (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу) және құсбегілік жарыстарын, сондай-ақ түрлі турнирлерді (тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту) өткізу қазақстандықтардың жалпыға ортақ мерекені сезініп, төл дәстүрлерімізді жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Мереке қарсаңында ауданымыздың спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақ күресі, Өгіз тартыс спорт түрінен жарыс өтті.
Қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп.
Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар т.б. осындай алып балуандар болды.
Өгіз тартыс - күш сынасып ойнайтын ойын түрі. Жиында, той-домалақта ойналатын ойынға жігіттің нары ғана шыдас беріп, күшін көрсетіп, өзін қауымға танытады. Алты құлаштай арқанды ортасынан тұйықтап байлап, ойынды басқарушы адам сол түйінді басып тұрады.
Екі адам екі жағынан келіп, желкесінен асырып қолтық астынан өткізіп, екі жаққа тартысып күш сынасады. Белгіленген сызықтан асырып сүйреп кеткені жеңімпаз болып табылады. Кейбір өңірлерде қазақтар арасында бұл ойын желке тартыс, серке тартыс, бәйге тартыс деп те аталады.