Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

Сырға салу – қыз ұзату, келін түсіру жөн-жоралғыларынан бұрын жасалатын дәстүр

Ең әуелі жігіттің ет жақын 4-5 туысы қыздың үйіне келіп, қалыңдықты алып кететін күнді белгілейді. Бойжеткеннің ата-анасы мал сойып, құдаларды дастарқан жайып қарсы алады. Құда түсетін қыздың құлағына тек алтын сырға тағылады. Себебі, қазақ халқы қыз баланы «алтынға» балаған. Сырға салу рәсімінде қыздың жеңгелері құдаларға қалыңдықты көрсетіп, көрімдік алған. Ал жігіттің жеңгелері «құлағың жамандықты естімесін» деген ниетпен қыздың құлағына алтын сырға тағып, бетінен сүйеді. ⠀Кей өңірде бұл дәстүр «сырғалық» деп те аталады. Бұған қоса жігіт жағы қыздың әке-шешесіне, туған-туыстарына әкелген сыйлығын береді. Алайда ұзатылатын қыздың құлағына сырғаны кез-келген адам тақпайды. Қалыңдықтың келін болып түскен жұртына тастай батып, судай сіңуі, сыйлы болуы міндет саналған. Жас келін болашақта сол адам секілді өнегелі болсын деп ырымдаған. Ертеде қазақ халқында айттырған қызға сырға емес, үкі таққан. Қазір үкі тағу дәстүрін сырға салу алмастырды. Кейде әркім шамасына қарай (алтын, күміс, гауһар, жақұт) сырға тағады. ⠀Тіпті, халқымыз атастырылған қыздың құлағына кез-келген сырғаны тақпаған. Оны зергерлерге арнайы соқтырып дайындатқан екен. Қазіргі таңда ұлттық өнеріміз заман талабына сай жаңаша бағытта дамып, қалыңдықтың құлағына тағылатын сырғалар сақинамен бірге жасалады. Гауһар тастармен көмкеріп безендірілген сан алуан әшекейлерді кездестіруге де болады. Қызды ұзату рәсіміне дейін жүзеге асатын бұл дәстүр әлі күнге дейін ұлттық бояуын жоғалтқан жоқ.