Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурызы аралығында Баку қаласында өткен Бірінші Бүкілодақтық түркологтар съезіне биыл 100 жыл толады

Бұл съезд - түркі халықтарының әліпбиін, тілін және мәдениетін бір арнаға тоғыстыруды көздеген ұлы жиын еді. 1926 жылғы Бакудегі Бірінші Бүкілодақтық түркологтар съезі - түркі дүниесінің тарихындағы бетбұрыс кезең. Бұл жиын тек лингвистикалық мәселелерді ғана емес, түркі халықтарының саяси-мәдени бірігу идеясын көтерді. Оған түркі халықтарының өкілдері, КСРО Ғылым академиясының, Шығыстану ғылыми қауымдастығының, Украина академиясының, Закавказье шығыстану қауымдастығының мамандары, шетелдік делегаттар, соның ішінде Түркия және Германиядан келген ғалымдар қатысты. 1926 жылы өткен съезде Әзербайжанның латын графикасына көшу тәжірибесінің негізінде Одақтың басқа республикалары мен облыстарында тұратын халықтардың әліпбиін латын жазуына көшіру ұсынылды. Ол үшін жаңа түркі әліпбиінің Бүколдақтық орталық комитеті құрылатын болды. Осылайша, араб жазуын қолданып келген түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіру қозғалысы басталды. Бұл құрылтайға КСРО құрамына енген барлық республикадан, Ыстанбұл мен Берлиннен келіп қатысқан 131 делегаттың арасында С.Ф. Ольденбург, В.В. Бартольд, А.Н. Самойлович пен Н.Н. Поппе, А.Байтұрсынұлы, С.Е. Малов, Л.В. Щерба сияқты әлемге кең танылған аса ірі түркітанушылар болды. Қазақстаннан 5 делегат қатыс­ты. Олар – Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұлов, Әзиз Бай-Сейдули. Құрылтайға Н.Төреқұлов Мәскеуден, өзгелері Қызылордадан барды. Алғашқы үшеуі съезге Қазақстаннан арнайы шақырылған тізімінде болды.