ҒАЗЫМБЕК БІРІМЖАННЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ
1896 жылы бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезі Тосын болысының №1 ауылында дүниеге келді (қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шеген ауылы).
1909-1917 жылдар аралығында Орынбордағы реалды училищеде білім алды.
1917 жылы Киевтегі бұратаналар бөліміне басқа да қазақ жастарымен бірге барып, жұмысшыларды елге қайтару кезінде көмегін тигізді.
1917 жылдың 21 қарашасында «Қазақ» газетінде жарық көрген «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасын жасасты.
1917 жылы Мәскеудегі Петров-Разумовский атындағы ауыл-шаруашылық академиясына оқуға қабылданып, алайда оқуын тоқтатты.
1918 жылы Торғай уезіне келіп, түрлі қоғамдық-саяси жұмыстарға араласты.
1919 жылы А.З. Уәлиди Тоғанмен келіссөз жүргізуге барды. А.З. Уәлиди Тоған өз естелігінде Ғазымбектің ерлігін ерекше бағалайды. Алаш үкіметінің Башқұрт үкіметі жанындағы Баймақта елші болды (Ғ. Ахмедовтің «Алаш Алаш болғанда» еңбегінен).
1919 жылы адмирал Колчак басқаратын Сібір үкіметіне келіссөз жүргізуге барды.
1920 жылы Семей қаласына барып, губревком жанындағы шетелдік бөлімнің іс жүргізушісі қызметінде істеді.
1920 жылдың күзінде Қазақ АКСР-нің стипендиясымен (ағарту халық комиссары – Ахмет Байтұрсынұлы) Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түсті.
1920-1922 жылдары «Ақ жол» газетінде қызмет істеді.
1922 жылы аштар кіндік комитеті жанындағы қазақ секциясының басшысы болды. «Ақ жол» газетінің әр санын аштыққа арнап, мақалалар жазды.
1922 жылы аштарға көмек жинау мақсатында Бұқара Республикасына барды. Бұқар халқының жәрдеміне разы болып, «Ақ жол» газетінде арнайы мақала жазды.
1922 жылдың соңында Германия астанасы Берлин қаласына Түркістан Республикасының Жер шаруашылығы халық комиссариатының стипендиясымен оқуға аттанды.
1923 жылдың жазында арнайы курсты аяқтап, емтихан тапсырып, Берлин жоғары ауыл шаруашылық мектебіне (университет) оқуға қабылданды.
1923 жылы шетелдегі түркістандық студенттердің ісі бойынша Уақытша басқару бюросын құру туралы жоба бекітіліп, бюро төрағасы етіп тағайындалды.
1924 жылдың 29 қарашасында Берлинде «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымының конгресіне қатысты. Жиында ұйымның атауы «Түркістан азаматтық қоғамы» болып өзгертілді. Жиынға М. Шоқай, А.З. Уәлиди, А. Оқтай, А. Муради, Т. Шакирадзе, А. Инан т.б. қатысқан.
1923-1927 жылдар аралығында Берлин ауыл шаруашылық мектебінде (университет) оқыды.
1927 жылы Мәскеуден Берлин қаласындағы жоғары оқу орнында тәжірибеден өтуге келген төре тұқымы Зайра Жантөринаға үйленді.
1928 жылы Берлиннен елге келді.
1928 жылдың желтоқсанында Алаш зиялыларымен бірге тұтқынға алынды.
1929 жылы Мәскеудегі Бутырка түрмесіне ауыстырылды.
1930 жылдың 4 сәуірінде 58-4, 58-11 баптары бойынша ату жазасына кесілді.
1931 жылдың 8 қаңтарында шығарылған үкімнің күші жойылды.
1931 жылдың 13 қаңтарында қайта қаралып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жер аударылды. Г.М. Дулатованың дерегі бойынша, Соловкиде М. Дулатұлы, М. Есболұлы сынды зиялылармен бірге болған. Карелиядағы Медвежья Гора қаласында Ақ теңіз-Балтық комбинатының қалашығында, 14-үйде, 15-бөлмеде тұрған.
1935 жылдың 14 сәуірінде айдауда жүрген кезінде шығармашылық жұмысы үшін мадақталды.
1935 жылы Кемскі тірек пункті туралы жазған еңбегі журналға жарияланды.
1937 жылдың 9 қазанында «контрреволюциялық террористік ұйымға» қатысқан деп айыпталды.
1938 жылдың 19 наурызында НКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кесілді.
1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР жоғары сотының шешімімен толық ақталды.
Бүгін 28-ақпан біртуар тұлға, Алаш ардақтысы, публицист, қоғам қайраткері Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанның туғанына 130 жыл













