Барша өнер сүйер қауымды, сахна саңлақтарын және театр қызметкерлерін Халықаралық театр күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Театр – адам жанының терең сырын, қоғамның шындығын, өмірдің сан алуан қырын сахна тілімен жеткізетін ерекше өнер.
Халықаралық театр күні 1961 жылы International Theatre Institute бастамасымен бекітілген. Бұл күн жыл сайын 27 наурызда бүкіл әлемде аталып өтеді. Мерекенің мақсаты – театр өнерін насихаттау, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту және сахна өнерінің қоғамдағы маңызын көрсету.
Торғай Халық театры 1936 жылы Амангелді –Торғай арасында алғашқы колхоз – совхоз театры болып жұмыс атқарды. Өткен ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары ақын- өнерпаз Нұрхан Ахметбеков бастамашыл болған өнерлі топ Торғай - Амангелді аудан аралық жүрмелі театр ұйымдастырады. Театр құрамында ағайынды Әбіқаевтар Қараман мен Ахметхан, Күләнда Бөкешева сынды артист жанды өнерпаздар, күйші - қобызшы Қазбек сынды дарындар кіреді. Қапақ–күйші, Хайролла жыршы, Жүсіпбек ақын театр құрамын толықтырады. Ауыр жылдардағы Торғай елінің езілген көңілін ән- жырмен қуантып, көңілдерін көтерген осынау жүрмелі театр өнерпаздары болды.
Театр – мәдениет пен руханияттың алтын көпірі. Сахнада өнер көрсетіп жүрген актерлерге, режиссерлерге, драматургтерге және театр қызметкерлеріне шығармашылық табыс, шабыт пен толағай жетістіктер тілейміз. Өнерлеріңіз өрге жүзіп, көрермен ықыласына бөлене беріңіздер!
https://www.muzei-torgai.kz/novosti-kz/2216-27-nauryz-khaly-araly-teatr-k-ni.html#sigFreeId416b95dba9













