Қамшы – қазақтың тұрмысы мен мәдениетінде бірнеше қызмет атқаратын қасиетті зат, құрал есебінде саналған. Мысалы, халқымыздың ұғымы мен әдетіне қамшы тастау (сөз сұрау), қамшы жұмсады (сабады, күш көрсетті), қамшы болды (әсер етті, себеп болды (жақсы мағынада) деген сөздер жиі кездеседі. Солардың бірі – қамшы қайтару дәстүрі. Аталған дәстүр – құдалық, яғни құда түсу жолында жасалатын таза қазақи ұғымды көрсететін жолдардың бірі. Мұның жөн-жосығы былай. Ұлына қалыңдық іздеген жігіт әкесі ауылдың ақсақалы мен азаматтарына және өз туыс-туғандарына жолығып, шаруасын айтады. Бұған жанашырлар ақыл қосып, пәлен жерде осындай жақсы адам бар және оның бойжеткен қызы барын айтады. Әрине, бұл жерде болашақ құдалардың текті аталардан болуын әркім қалайды. Сөйтіп жігіттің әкесі өзінің беделді адамдарын ертіп қыздың әкесінің үйіне барып түседі. Қонақасын ішіп аттанған қыздың әкесі өз қамшысын кереге басына іліп кетеді. Мұны көрген қыздың әкесі келген кісілердің аты-жөнін, ата-тегін білгеннен кейін оларға тиісті жауабын беруі керек. Егер қыздың басы бос болмаса (біреуге айттырылып қойылса) немесе қызын бергісі келмесе қамшы иесіне қайтарылады. Мұны «қамшы қайтару» дейді. Бұған жігіт әкесі ренжімейді.
Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті Сейіт Кенжеахметұлы