ҚҰЛЖАНОВА НӘЗИПА САҒЫЗБАЙҚЫЗЫ - (27.07.1887 -1934жж) Нәзипа Құлжанова Торғай қаласындағы қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогі, демократ, ақын-жазушысы Ы. Алтынсарин іргесін қалаған орыс-қазақ мектебін бітірген. 1902 жылы Қостанай қаласының Қыздар гимназиясын бітіріп, 1903-1904 жылдары қайта Торғай қаласына келіп, өзінің жастығына қарамастан 15 жасында әйелдер училищесінде мұғалімнің көмекшісі болып еңбек еткен. Одан кейін Орынбор қаласындағы Мұғалімдер семинариясын бітірген. Осы кезде Нәзипа Орынбор мұғалімдер мектебін бітіріп, қызмет істеп жүрген жерлесі, ағайыны Нұрғали Құлжановқа кездеседі. Екеуінің көңілдері жарасып, қосылғаннан кейін, олар 1905 жылы Семей қаласына келіп, екеуі де осы Семей қаласындағы семинарияда сабақ беріп, ұстаздық жасаған.
Екі жас осы кезде қазақтың салт дәстүрі, мәдениеті туралы Орыс географиялық қоғамының вестнигіне мақалаларын жиі жазып тұрған. Осы еңбектері үшін Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылданған. Нәзипа Құлжанованың түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, еңбегімен Семейде атағы шыққаны осы кез. Семейдегі оқыған қазақ жастарының Нәзипа Құлжановадан тәлім алып, оның маңына үйіріле бастағаны осы кез. 1910 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Абай Құнанбаев қазақтың бас ақыны»мақаласы шыққаннан кейін, Абайды қазақ оқи бастаған уақыт еді. 1914 жылы Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанының он жылдығына орай, Нәзипа Құлжанова Семей қаласында үлкен мәдени, әдеби кеш өткізеді. Жастар Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін орындаған. Содан кейін Нәзипа Құлжанованың ұйымдастыруымен сол кездегі ең жас жазушы Мұхтар Әуезовтың «Еңілік Кебек» пьесасын сахналаған. Ондағы рөлдерді ойнауға М.Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қ.Сәтпаев, және басқа да сол Семейдегі өнерпаз жастар қатысқан. Н.Құлжанованың үлкен энтуазизммен ұйымдастырған А.Құнанбаевқа арнаған осы мәдени шарасы осы күнге дейін аңыз болып айтылады. Н.Құлжанова 1915-1919 жылдары да осы Семей қаласында Абай шығармашылығына арнап әдеби кештер өткізген. Осы кезеңдерде Семейде даңқы шығып тұрған Н.Құлжановаға А.Байтұрсынов, С.Торайғыров, С.Сейфуллин өлең арнап жазған. ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихында ағартушылық жолын бекем ұстаған, оқыту тәрбиелеу ісінің теориясына да, практикасына да Н.Құлжанова именбей кірісіп, аянбай еңбек сіңірді.
Оқу-тәрбие жұмысын ғылыми жолға қоюда бетбұрыс жасаған «Мектептен бұрынғы тәрбие», «Ана мен бала тәрбиесі» кітаптары және ана мен бала денсаулығына байланысты циклдық мақалалары Нәзипа Құлжанованың ұстаздық жолымен ағартушылық еңбегінің нәтижесі жүйелі құбылысқа ұласқандығын дәлелдеп берді.
Географиялық қоғамның мүшесі ретінде Семей қаласында 1914, 1915 жылдары Назипа Құлжанова өткізген екі кеш тарихи, мәдени, танымдық бағасын күні бүгінге дейін жойған емес.
Нәзипа Құлжанова – қаламы жүйрік журналист, талғамы биік жазушы. Оның «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп» секілді мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген мақала, очерктері уақыт талабына жауап берген, оқырманға ой салған туындылар қатарынан берік орын алды. Тәржіма өнерінің қалыптасуына бір қаламгердей қолқабысын тигізді. Ол – ұстаз, ағартушы, қайраткер, журналист, жазушы, аудармашы. Қазақ мәдениеті тарихында өз орнын ойып алуға тиіс ірі тұлға.
Нәзипа Құлжанова – заманында ірі мәдени-қоғамдық істердің ұйымдастырушысы, ұйтқысы болған қайраткер.
View the embedded image gallery online at:
https://www.muzei-torgai.kz/novosti-kz/994-1.html#sigFreeId52831e5ea8
https://www.muzei-torgai.kz/novosti-kz/994-1.html#sigFreeId52831e5ea8